Қызылордадағы «Арай» саябағындағы аттракционда болған жазатайым оқиға салдарынан 19 жастағы жігіт екі аяғынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлер науқастың екі аяғын кесуге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта ол көпсалалы облыстық ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жігіт ауыр жағдайда жеткізілген.
«2007 жылы туған науқас шұғыл түрде операцияға алынды. Сол аяқты жамбастың жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде ампутациялау және оң аяқты тобық буыны деңгейінде ампутациялау жүргізілді», - деді көпсалалы облыстық аурухана дәрігерлері.
Оқиға бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызылорда облысының полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
