Қызылордадағы орталық алаңда оқушыны қатарласы өлтірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы марқұмның анасы Меруерт Танатова Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді. Жаға ұстатарлық жағдай 21 қазан сағат 22:00 шамасында болған.
Нұрислам Раушанбек Қызылордадағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектептің 10 сынып оқушысы. Анасына қолғабыс болып, орталық алаңда нәпақа тауып жүрген. Кәсібі – ойыншық көліктерді серуенге береді.
«Балам кешкі сегізде маған көмектесуге келеді. Ойыншық машиналармен серуенге келгендерге балалар алдынан жүгіріп, "бізге отырыңыз" деп шақырады. Біз орталық алаңда екі кәсіпкер тұрамыз, бірі мен, бірі – Қанатбек деген кісі. Екі кәсіпкерде жұмыс істейтін балалар сол клиенттерге таласып, су бұрқақтың жанында сөзге келіп қалады», – дейді марқұм жасөспірімнің анасы Меруерт Танатова.
«Ұрмай қоймаймын»
Қарсы тараптың бір баласы Нұрисламбектің жағасынан алған. Араға марқұм баланың анасы түсіп, арашалап алады.
«Жаңағы жанжалдасқан баланың аты – Бауыржан. Барып "Баука, балама тиіспеңдерші" дедім. "Тиісемін, көп болса полицияға арыз жазарсың, бірақ балаңды ұрмай қоймаймын" деді», – дейді Меруерт Танатова.
Шалқасынан құлады
Орталық алаңда бұлай ойыншық ойнатуға заңды түрде рұқсат жоқ, сонда да қашып-пұсып нәпақамызды табамыз дейді Меруерт. Сол екі аралықта полиция тексеруге келеді. 1 сағат өтіп полиция кеткен соң жасөспірімдердің арасында жанжал қайта өршіген.
«Лэд экран жақта ойыншық машиналар жиналып тұрып қапты. Нұрислам деп дауыстап шақырып, солай қарай жүрдім. Нұрислам деп қатты айқайлап ем, ол тұрып қалды теңселіп. Мен балам қалжыңдап ойнап тұр ма деп қалдым. Бір уақытта шалқасынан артқа құлады», – дейді анасы.
Бұрағышты суырып алды
Меруерт баласына жанұшыра жүгіріп, етбеттеп құлаған. «Баламның екі аяғы дірілдеді де сол күйі қимылсыз қалды. Екі қадам жақындағанымда Мирас деген бала жүгіріп келіп, баламның кеудесінде тұрған бұрағышты суырып алды. Ол жалғыз келген жоқ жаңағы Бауыржан деген бала екеуі келді. Мен есеңгіреп айқайлай бердім көмекке шақырып», – дейді жасөспірімнің анасы.
Анама, айтпаңызшы
Қылмыс болған орында көлік жалға беретін кәсіпкер Қанатбек те болды, дейді Меруерт Танатова.
«Жандаусым шығып көмекке шақырумен болдым. Жаңағы бұрағыш тыққан бала қайта келіп, "Тәте, кешіріңізші, анама айтпаңызшы, 102 шақырмаңызшы" деумен болды. Баламның қор ете қалғанын естідім, жүрек тұсына сұққан бұрағышты көрдім», – дейді анасы.
Соның арасында жедел жәрдем де келеді. Бала мен анасын көлікке салып ауруханаға алып кетеді.
