Қызылордада бұзақылардың қолынан анасының көзінше қаза тапқан жасөспірімнің отбасы әділ тергеу талап етіп отыр. Туыстарының айтуынша, балаға жүрек тұсынан өлімге әкелетін жарақат салынған. Полиция бірден екі қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
21 қазанда болған қайғылы оқиға туралы жасөспірімнің әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, інісі жедел жәрдем келмей тұрып, оқиға орнында көз жұмған.
NewTimes.kz басылымы нақтылағандай, баланың кеудесіне өлімге әкелетін соққы бұрағышпен жасалған.
Қаза тапқан жасөспірімнің әпкесі болған оқиғаға 13 жасар жасөспірімнің қатысы бар деп мәлімдейді. Отбасы оның жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді және басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деп жорамалдайды. Туыстары полиция мен прокуратурадан баланың қазасына қатысы болуы мүмкін әрбір адамның әрекетін тексеруді сұрайды.
«Біз бұл қайғылы оқиға туралы шындықтың толық ашылуын және әділеттіліктің орнауын қалаймыз», — деп жазды қаза тапқан жасөспірімнің әпкесі.
Қызылорда облысы полиция департаменті кәмелетке толмаған адамның өліміне абайсызда әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Күдікті жасөспірім облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау туралы қылмыстық іс тіркелді», — деп хабарлады ведомство.
Департамент басшылығы тергеуді ерекше бақылауға алғаны нақтыланады. Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жария етпейді.
Бұған дейін Жетісу облысында оқушы сыныптасымен қақтығыстан кейін қаза тапқан болатын. Полиция өлтіру фактісі бойынша іс қозғап, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне жауапты мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеу бастаған.
