Қызылордада 14 жастағы баланың қазасынан кейін тұрғындар әлеуметтік желіде орталық алаңдағы жағдайды сынға алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар алаңда жалға берілетін ойыншық көліктерге наразылығын білдірген. Айтуларынша, орталық алаң кәсіпкерлердің табыс табатын жеке меншігі емес, халықтың қауіпсіз демалатын қоғамдық орны болуы тиіс.

Осыған қатысты полиция аумақ толық бақылауға алынып, заңсыз сауда-саттықтың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Аталған факті бойынша Қызылорда қаласының аумағында жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары тарапынан заңсыз сауда-саттықпен айналысқан тұлғаларды анықтау және жолын кесу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді", - делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері 136 әкімшілік хаттама рәсімделген.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылордада орталық алаңда оқушыны анасының көзінше қатарласы өлтіріп кеткен болатын. Анасының айтуынша, жұмыс істейтін балалар клиенттерге таласып, сөзге келіп қалған.