««Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Әр адамға бақыт пен бедел ақылмен, көп ізденіспен, адал еңбекпен келеді» деген ұлағатты сөзі бар. Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын арасында Мұхтар Абрарұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы өз алдына бөлек. Сіз Қызылорда облысының әкімі ретінде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бердіңіз. Бір ғана мысал, 2007 жылы облыс бюджеті 36 млрд. теңге болса, бір жарым жылда 90 млрд. теңгеге жетті. Аз уақыттың ішінде аймақ экономикасының сан саласындағы өзекті мәселелерді республикалық деңгейде батыл көтеріп, Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің проблемаларын шешуге, инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуға ықпал еттіңіз. Облыс аумағында 21 мектептің, Жаңақорған ауданында жыл бойы жұмыс жасайтын балалар тынығу лагерінің құрылысы басталды, 1 200 орындық 11 іргелі мектеп салынды. Денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылысы басталып, Арал, Қазалы аудандарында 100 орындық аурухана, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы ғимараттары бой көтерді. Сізді халқымыз мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасу кезеңінен бүгінге дейінгі дамуына сүбелі үлес қосқан көшбасшы азамат, Алаш арыстарының озық идеяларын жалғастырушы тұлға ретінде айрықша құрметтейді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.»
—
admin
Редакция
Талқылау · 0 пікір
Markdown қолданылады · модерация: 1-2 сағ