Қызылорда облысында хирургиялық ота кезінде науқастың денесінде дәке тампоны (марлеома) қалып қойған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жіберілген медициналық қателіктің салдарынан науқас ұзақ уақыт бойы қатты ауырып, дұрыс емдемеген жарадан зардап шеккен және өз есебінен қайта ота жасатуға мәжбүр болған. Екі айдан кейін оған басқа медициналық мекемеде қайта ота жасалған, оның барысында алдыңғы хирургия аймағынан бұрын қалған дәке тампоны алынған.
Осыған байланысты ол сотқа жүгініп, медициналық мекемеден материалдық шығын мен моральдық зиянның орнын толтыруды талап еткен. Сот бастапқыда талап қоюшыға кистаны алып тастау отасы жасалғанын анықтады.
Бөгде заттың болу фактісі ота жасау хаттамасымен, медициналық құжаттамамен, бейнежазбамен, сондай-ақ қайта емдеу жүргізілген медициналық мекеме өкілінің түсіндірмесімен расталды. Сот ұсынылған дәлелдемелерді зерттей отырып, жауапкердің кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келді және талап қоюды қанағаттандырды.
Медициналық мекемеден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян мен материалдық залалдың орнын толтыру есебінен 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
