Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастауды ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдар сотталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу барысында олардың тиісті рұқсатсыз, "Астана" халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалютаны заңсыз саудалағаны анықталды. Осылайша олар 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан. Криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен, деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан. Ақшаны қабылдау және басқа шоттарға аудару үшін өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды (дропперлерді) тартқан. Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам ақша аударылған.
"Түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу анықтаған мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен", - дейді ведомство мамандары.
Сотталғандар қылмыстық жолмен тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркеген. Кейін бұл көліктерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.
Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
