Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда бетті жасыруға тыйым салуды бұзудың 284 жағдайы анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірде бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізілуде.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда жеке басты анықтауды қиындататын киім үлгілерін киюге тыйым салынады. Норма балаклаваларға, медициналық көрсетілімдер бойынша қолданылмайтын маскаларға, никабтарға, сондай-ақ бетті толық немесе ішінара жабатын басқа да киім түрлеріне қатысты.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын түсіндіреді, ақпараттық жаднамалар таратады және азаматтардың сұрақтарына жауап береді. Ерекше назар сауда-ойын-сауық орталықтарына, білім беру мекемелеріне және адамдар көп жиналатын орындарға аударылады.
Полиция мәліметінше, мұндай іс-шаралардың мақсаты азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Алғашқы бұзушылық үшін ескерту жасалады. Жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.
Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заңнама талаптарын сақтауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға жәрдемдесуге шақырды.
Бұған дейін «Курсив» Жамбыл облысында жыл басынан бері бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салуды бұзудың 20-ға жуық жағдайы анықталғанын жазған болатын. Полицейлер сауда орталықтарын, базарларды, ХҚКО-ларды және басқа да қоғамдық орындарды тексерген, ал жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК – 43 250 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
