Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ болатын жаңа газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салуға қытайлық компаниялар мердігер болып таңдалды. Жоба іске асыру сатысына шықты, деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ болатын газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру жөніндегі кеңес өткізді. Оның айтуынша, жоба іске асыру сатысына шықты.

Кеңеске QazaqGaz, PSA компанияларының, сондай-ақ Қашағанды игеретін консорциум акционерлері – NCOC өкілдері қатысып, жобаның статусын, қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды және оны белгіленген мерзімде аяқтау шараларын талқылады. Қазіргі уақытта Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын бір ГӨЗ салынып жатыр.

Үкімет қаулысымен EPC-мердігерлер (яғни жобалау, жеткізу және құрылыс кезеңдеріндегі толық цикл мердігерлері) болып ҚХР-дың екі компаниясы – China National Chemical Engineering Sixth Construction Company және China Wuhuan Engineering Corporation таңдалды. Екі компания да Қытай ұлттық химиялық инженерлік корпорациясының (CNCEC) құрамына кіреді. CNCEC химиялық инженерия және мұнай-химия жобаларына маманданған.

Ерлан Ақкенженов жобаның барлық қатысушыларына жобаны іске асырудың белгіленген мерзімдерін сақтау үшін жұмыстарды тиімді үйлестіруді және конструктивті өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған дейін оңтүстіккореялық Hyundai Engineering компаниясы Қарашығанақ газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салуға келісімшарт алғанын хабарлаған болатын. ГӨЗ-дің қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр газды құрайды.