Қытайлық China Pingmei Shenma Holding Group компаниясы Қазақстанда инвестиция көлемі 1,5 млрд долларға дейінгі ауқымды көмір-химия кешенін іске астры мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, жоба қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын көмірді терең өңдеудің толық циклді кәсіпорнын құруды көздейді. China Pingmei Shenma Holding Group өкілдері Қазақстанда заманауи, интеграцияланған, толық циклді көмір-химия кешенін құру ниетін мәлімдеді және республиканы топтың Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық орталығы ретінде қарастырады.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл мәселені QazTrade («Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ) Үрімшідегі кеңсесінде Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік холдингтерінің басшыларымен талқылады. Министр бұл бастаманы қолдап, Қытай тарапын жобаны жүзеге асыру үшін жақын арада Қазақстанға келуге шақырды.
«Біз көмір-химия секторындағы жобаларды белсенді түрде қолдаймыз. Біз «Бәйтерек» холдингімен және Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп жобалық қолдау көрсетуге және қаржыландыру тетіктерін әзірлеуге дайынбыз. Абай өңірі де ынтымақтастыққа ашық және жобаны жүзеге асыру үшін алаңдарды ұсынуға дайын», — деді ол.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша China Pingmei Shenma Holding Group және «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» Қазақстандағы көмір ресурстары мен көмір-химия өнеркәсібін дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
