Қазақстан заңнамасын бұзған Қытайдың 13 азаматы ұсталды, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шетел азаматтары Қазақстан аумағында халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырған. Олардан көптеген компьютерлік техника, ұялы телефондар, Starlink спутниктік интернет байланысы жабдықтарының жиынтықтары, сондай-ақ криптоәмияндарда сақталған ірі көлемдегі қаражат табылды, делінген хабарламада.

Топтың әрекеттері Қазақстан резиденті болып саналмайтын басқа елдердің азаматтарына қарсы бағытталған және шетелден үйлестіріліп отырған. Осыған байланысты тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізілген.

Ұсталғандардың кейбірі өз елінде осыған ұқсас әрекеттері үшін іздеуде жүргені анықталды. 16 қазанда шетел азаматтары әкімшілік тәртіппен Қазақстан аумағынан шығарылып, одан әрі тергеу жүргізу үшін Қытайдың уәкілетті органдарына тапсырылды.