Қытайдың орталық бөлігіндегі Хубэй провинциясында болған қатты дауыл мен торнадо салдарынан кемінде 11 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік БАҚ мәліметінше, торнадо бейнежазбалары әлеуметтік желілерде таралып, олар Эчжоу және Хуанган қалаларынан түсірілген. Хуанган қаласындағы бір студент BBC-ге берген сұхбатында бұл «қарапайым найзағай» деп ойлағанын, бірақ терезеден «заттардың ауада ұша бастағанын» көргенін айтты. «Көптеген студенттер ұшатын шынылардан кесілді. Барлығы тоқтағаннан кейін ғана мен апаттан аман қалғанымды түсіндім», – деді ол.
Мемлекеттік БАҚ мәліметінше, бұл аймақ үшін сирек кездесетін құбылыс, соңғы торнадо 2021 жылы тіркелген. Жергілікті билік мыңдаған ғимараттың зақымданғанын және 300-ден астам тұрғынның жарақат алғанын хабарлады. Құтқару және көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.
