Шығыс Қазақстан облысында Қытайға екі тоннадан астам дизель отынын заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Майқапшағай» кеден бекетінде тексеру барысында Қытай азаматтары мінген төрт автокөліктен отынды жасырын тасымалдауға арналған қолдан жасалған қосымша бактар табылды. Олар Қазақстан аумағынан шамамен 2 640 литр (2 тоннадан астам) дизель отынын заңсыз алып өтпек болған.

«Бұл әрекет рұқсат етілген ерекше жағдайлар санаттарына жатпайды. Яғни тасымалданған отын гуманитарлық көмек емес, ғылыми қажеттіліктерге арналған сертификатталған сынама да емес және автокөліктің зауыттық стандартты багының көлеміне сәйкес келмейді. Осылайша, ҚХР азаматтарының әрекетінен белгіленген тыйымды тікелей сақтамау белгілері анықталды», — деп хабарлады ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

Қытай азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Барлық жиналған материал ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

Мемлекеттік кірістер департаменті ішкі нарықты қорғау мақсатында Энергетика министрлігінің бұйрығымен елде қатаң шектеулер енгізілгенін еске салды. 2026 жылдың 21 қарашасына дейін Қазақстан аумағынан (соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге) автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға толық тыйым салынады. 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, газойльді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын әкетуге тыйым салынған.