Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Қытайдан әкелінетін алюминий ыдысқа салынатын демпингке қарсы баж салығының қолданылу мерзімін ұзартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссияның баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕЭК алқасы Қытай Халық Республикасынан әкелінетін алюминий ыдысқа қатысты демпингке қарсы баж салығының қолданылу мерзімін 2027 жылдың 28 мамырына (қоса алғанда) дейін ұзартты.
ЕЭК қолданыстағы шараның мерзімі 2026 жылдың 24 қыркүйегінде аяқталуға тиіс екенін еске салды. Алайда комиссияның Ішкі нарықты қорғау департаментіне тиісті өтініш түскен. Соның нәтижесінде қайта демпингке қарсы тергеп-тексеру басталды.
ЕАЭО-ның нормативтік базасында демпингке қарсы баждың мерзімін қайта тергеп-тексеру аяқталғанға дейін ұзарту көзделген. Бұл тексеру басталған күннен бастап 12 ай ішінде аяқталуға тиіс, деп хабарлады ЕЭК-тің сауда блогы.
Қытайдан әкелінетін алюминий ыдысқа салынатын демпингке қарсы баж салығының мөлшері 21,89% құрайды.
