Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық басталды. Осы орайда жанкүйерлер үшін Қазақстан құрамасына қатысты маңызды ақпараттарды бір жерге жинадық, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қазақстаннан неше спортшы қатысады?
Алдыңғы Олимпиадада Қазақстаннан 34 спортшы қатысқанын ескерсек, бұл жолы да спортшылар саны осы шамада болады деп күтілуде. Бейжің-2022 ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова ұстап шыққан еді. Сол кездегі ұлттық құраманың орташа жасы 25-ті құрап, тарихтағы ең жас команда ретінде тіркелді. Бұл үрдіс алдағы ойындарда да сақталуы ықтимал.
Қай спорттан жүлде күтеміз?
Қазақстан спортшылары дәстүрлі түрде шорт-трек, конькимен жүгіру, фристайл-могул, фристайл-акробатика, биатлон, шаңғы жарысы сияқты спорт түрлерінен жолдамаға таласады. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанау, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы және тау шаңғысы спортынан да атлеттеріміз бақ сынайды.
Хоккейшілер неге Олимпиадаға бармайды?
Өкінішке қарай, жанкүйерлер көп күтетін шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер де, әйелдер де құрамасы Милан Олимпиадасына қатыспайды. Ерлер құрамасы іріктеу кезеңінде Словакияға жол беріп, жолдамадан қағылды. Ал әйелдер командасы екінші іріктеу кезеңінен аса алмады. Еске салсақ, Қазақстанның ерлер құрамасы бұған дейін 1998, 2002 және 2006 жылдардағы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен.
Олимпиаданы қай арналар көрсетеді?
Қазақстанда Қысқы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын дәстүрлі түрде «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» телеарналары иеленеді. Барлық жарыс осы төрт арнаның эфирінде бөлініп көрсетіледі деп жоспарлануда. Телеарналар Халықаралық олимпиада комитетінен трансляция құқығын қанша қаражатқа сатып алғанын жарияламайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
