Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға өскен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айлық инфляция тамыз айындағы деңгейде сақталып, 0,6%-ды құрады. Сонымен бірге қыркүйек айында бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді.
Қандай өнімдер арзандады
Статистика мамандарының мәліметінше, қыркүйекте пияздың бағасы 20,7%-ға, лимон 13,9%-ға, сәбіз 13,6%-ға, картоп 13,4%-ға, баялды 11,2%-ға, қырыққабат 10,1%-ға арзандады.
Бұдан бөлек, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ және банан бағасы да төмендеді.
«Балалар тағамына арналған жармалар 6,1%-ға, ал қант 1,3%-ға арзандаған», — дейді статистика мамандары.
Жылдық көрсеткіш
Жекелеген жеміс-көкөніс өнімдері бойынша бағаның төмендеуі жылдық көрсеткіштен де байқалады. Соңғы бір жылда алманың бағасы 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға төмендеді.
Тікелей жеткізу тетігі
Сауда және интеграция министрлігі жыл басынан бері тікелей жеткізу тетігі арқылы ішкі нарыққа шамамен 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілгенін хабарлады. Бұл өнімдердің негізгі көлемі Қытайдан, Өзбекстаннан және өңірдегі басқа да елдерден жеткізілді.
Делдалдармен күрес
«Өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау және жеткізу тізбегінен шығару бойынша жұмыстар аиқарып жатыр. Жыл басынан бері 816 отырыс өткізіліп, 3 391 заңбұзушылық фактісі анықталды. Соның нәтижесінде жеткізу тізбегінен 222 өнімсіз делдал шығарылды», — дейді министрлікте.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мөлшерден асып кеткен жағдайлар бойынша 3 610 әкімшілік қаулы шығарылды.
