Қырғызстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдің әскери прокуратурасының мәліметінше, іс «Байтик» метеостанциясының аумағындағы заңсыз құрылысқа қатысты. Тексеру барысында метеостанция аумағында жобалық-сметалық және рұқсат беру құжаттарынсыз қызметтік-тұрмыстық ғимарат салынғаны анықталған. Нысан Ала-Арча өзенінен небәрі бес метр қашықтықта, құрылыс жүргізуге тыйым салынған су қорғау аймағында бой көтерген.
Прокуратураның мәлімдеуінше, ТЖМ лауазымды тұлғаларының әрекеттері мемлекетке ерекше ірі мөлшерде шығын әкелген.
«Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысқа күдікті ретінде төтенше жағдайлардың бұрынғы министрі А.Б. ұсталды. Ол Бишкек ҚІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген әскери прокуратураның хабарламасында.
Бообек Ажикеев Қырғызстанның ТЖМ-ін 2021 жылдың қазан айынан 2026 жылдың ақпан айына дейін басқарған. Ел президенті Садыр Жапаров оны 16 ақпанда үкіметтегі кадрлық өзгерістерден кейін қызметінен босатқан болатын.
Kaktus.Media басылымы нақтылағандай, Ажикеев Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиевтің жақын айналасындағы адамдардың қызметтен кетуі аясында отставкаға жіберілген.
Бір күн бұрын Бишкекте Ташиевке үкім шығарылды. Бастапқыда айыптау билікті күшпен басып алуға дайындыққа қатысты болған. Алайда сот талқылауы барысында істің сараптамасы өзгертілді.
Соңында Ташиев пен тағы жеті фигурант сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру туралы бап бойынша кінәлі деп танылды. Прокуратура сұраған тоғыз жылдың орнына сот оларға төрт жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
