Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) терроризмге қарсы ауқымды арнайы операция өткізіп, «Катиба әл-Таухид валь-Жиһад» және «Ислам мемлекеті» ұйымдарының құқық қорғау органдары қызметкерлері мен дін қайраткерлеріне қарсы теракт жоспарлаған мүшелерін бейтараптандырғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде террористік қылмыстарды дайындауға қатысы бар деген күдікпен 31 адам ұсталды (Ош облысында 11 адам және Баткен облысында 20 адам).
Тінту кезінде ұсталғандардан діни-экстремистік әдебиеттер, экстремистік материалдары бар электронды тасығыштар, төрт бірлік тіркелмеген атыс қаруы, террористік ұйымдардың рәміздері, сондай-ақ шетелдік террорлық астыртын ұйымдарды қаржыландыруға арналған ақша қаражаты тәркіленді.
Арнайы операцияны Қырғызстан ҰҚМК басшысы Жұмғалбек Шабданбеков басқарды. Ол жағдайды және азаматтардың қауіпсіздігін қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ұсталғандардың байланыстарын одан әрі тексеру, олардың ықтимал сыбайластарын анықтау және заңсыз әрекеттерді қаржыландыру арналарын ашу жөнінде нұсқаулар берілді.
Бұған дейін «Курсив» 2026 жылғы ақпандағы кадрлық өзгерістерден кейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті баспасөз бен саясаткерлердің мұқият назарына іліккенін жазған болатын. Байқаушылар генерал Камчыбек Ташиевтің кезінде «үндемеуді жөн көрген» депутаттар мен шенеуніктердің арнайы қызметке қатысты жиі және ашық пікір білдіре бастағанын атап өтті.
