Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап отыр. Бұл шешім инфляцияны тежеуге бағытталғанымен, бизнес үшін несиені шарықтатып, экономиканың дамуына кедергі келтіріп жатқанын сарапшылар айтады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшылары, қаржыгерлер Венера Жанәлина мен Жәния Сәндібайдың пікірінше, жоғары мөлшерлеме қатаң ақша-несие саясатының мақсаты емес, салдары болып отыр. Ұлттық банк инфляция межелі деңгейден жоғары болып, инфляциялық күтулер тұрақты сақталған жағдайда базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр.
Венера Жанәлинаның айтуынша, инфляциялық қысым кезінде несиені қымбаттату арқылы ішкі сұранысты бәсеңдету – орынды құрал. Қымбат несие артық тұтынуды тежеп, баға өсімінің одан әрі жылдамдау қаупін азайтады.
««Ұлттық банктің мақсаты – инфляциялық күтулерді сейілтіп, ақшаның құнын қымбаттату арқылы экономикадағы артық сұранысты шектеу. Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық сарапшылар мен институттар да инфляция межелі көрсеткішке жақындамайынша, қатаң ақша-несие саясатын сақтауға кеңес береді», – дейді ол.»
—
Алайда, сарапшының сөзінше, тұрақтылық пен даму арасында қайшылық туындайды. Қатаң мөлшерлеме инфляцияға қарсы тиімді құрал болғанымен, инвестициялық несиелеуді шектейді. Бизнес өсудің орнына өтімділікті сақтауға көшіп, экономиканы жоспарлау мүмкіндігі тарылады.
Екінші сарапшы Жәния Сәндібай жоғары базалық мөлшерлеме несиелеудің рөлін түбегейлі өзгерткенін айтады.
««Корпоративтік несиелердің жылдық мөлшерлемесі 20-30% деңгейінде болғанда, несие даму құралы болудан қалады. Мұндай жағдайда банктерге Ұлттық банктің ноталары мен мемлекеттік облигацияларға ақша салу тиімдірек. Себебі кірісі бірдей, ал тәуекелі аз. Нәтижесінде несиелеу инвестициялық қызметін жоғалтады. Экономика «ұзын ақшасыз» қалып, жоспарлау көкжиегі бірнеше айға дейін қысқарады», – деп түсіндірді қаржыгер.»
—
Оның айтуынша, қымбат капитал инвестицияға тікелей соққы болады. Компаниялар кеңею, жаңғырту және басқа компанияларды сатып алу келісімдерін кейінге қалдырып, күрделі шығындарды азайтады. Бұдан ең қатты зардап шегетіндер: шағын және орта бизнес, капиталды көп қажет ететін салалар және инвестициялық циклі ұзақ жобалар.
Сонымен қатар екінші бір салдары бар: шығындардың өсуі. Қолжетімді қаржыландыру болмаған соң, бизнес шығындарын бағаға қосады. Бұл жоғары мөлшерлеменің инфляцияға қарсы әсерін ішінара жояды. Яғни, мөлшерлеме сұранысты тежегенімен, өзіндік құн мен инвестицияға қысым жасайды.
«Нақты мысал келтірейік, – дейді Жәния Сәндібай. – Бір компания жалпы құны 120 млн теңге тұратын 3 көлікті лизингке алғысы келеді делік. Нарықтағы стандартты шарттар – 20% алдын ала төлем және 5 жыл мерзім. Егер мөлшерлеме 14% болса, ай сайынғы төлем шамамен 2,2 млн теңгені, ал жалпы артық төлем 38 млн теңгені құрайды. Ал мөлшерлеме 24% болғанда, ай сайынғы төлем 2,75 млн теңгеге дейін өсіп, артық төлем 69 млн теңгеге жуықтайды. Яғни, жоба 30 млн теңгеден астам сомаға қымбаттайды».
Венера Жанәлина сөзін қорытындылай келе, базалық мөлшерлемені инвестиция мен экономикалық өсімге зиян келтірмей, ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстау мүмкін емес екенін атап өтті. Қазіргі кезеңде инфляциямен тиімді күресу үшін ақша-несие және фискалдық саясатты үйлестіру, бюджеттік тәртіпті қатайту, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың ашықтығы мен бақылауын күшейту қажет.
Фото: Әлеуметтік желіден
