Бүгін Қазақстанда Құтқарушы күні аталып өтеді. Бұл мамандық иелері күн-түн демей, өрт сөндіріп, адамдарды құтқарады. Биік таулардағы мұздық көлдерді бақылайды, тікұшақпен іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мерекенің тарихы

Қазақстанда Құтқарушы күні 2008 жылы ресми түрде белгіленді. Оған дейін өрт сөндірушілер кәсіби мерекесін 17 сәуірде атап өтетін. Себебі 1918 жылы дәл осы күні "Отпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы" декретке қол қойылған болатын.

Кеңес дәуірінде құтқарушылардың жеке кәсіби мерекесі болған жоқ. Өйткені бірыңғай мемлекеттік құтқару қызметі құрылмаған еді. Ол кезде төтенше жағдайлар мен апаттардың салдарын жоюға ведомстволық құрылымдар – әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері, азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің құтқарушылары мен альпинистік-құтқару жасақтары тартылатын.

1995 жылғы 19 қазанда Қазақстан президентінің жарлығымен төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Содан бері 31 жыл ішінде бұл құрылым бірнеше рет өзгерді. Алдымен агенттік, кейін министрлік болды. Одан соң Ішкі істер министрлігінің құрамына енді. 2020 жылы қайтадан дербес министрлік болып құрылды.

Құтқарушылар қолданатын технологиялар

Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен маңызды мәліметтер келіп түседі. Осы деректердің негізінде төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бар.

Қолданылатын цифрлық жүйелердің қатарында:

  • 01табиғи өрттерді ерте анықтауға арналған "Табиғат" жүйесі;
  • 02су тасқыны үдерістерін модельдеуге көмектесетін "Тасқын" және "Талсим" жүйелері;
  • 03Каспий теңізіндегі жағдай мен сейсмикалық белсенділікті цифрлық бақылау құралдары бар.

Дағдарыс орталығына еліміздің сегіз өңірінде орнатылған, орман өрттерін ерте анықтауға арналған 114 камерадан бейнеақпарат келіп түседі. Бұдан бөлек, мамандар "Qarmet" АҚ, "Қазақмыс" АҚ және "Шалқия Цинк" ЖШС-не тиесілі 18 шахта мен кеніштен деректер алып отырады.

Қызықты деректер

Төтенше жағдайлар жүйесінде 324 отбасылық жұп қызмет етеді. Дрондардың көмегімен 28 адам құтқарылды. Құтқарушылардың иелігінде 45 ұшақ пен тікұшақ бар. Олар іздестіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, науқастарды да тасымалдайды. Биік таулы аймақтарда ұзақ мерзімді кезекшілікті қамтамасыз ету үшін 12 модульдік тұрғын үй салынды.

Шомылу маусымында 376 адам құтқарылды. Олардың 125-і — кәмелетке толмағандар. "Теңіз жасағы" үшін авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ мұнай төгінділері мен Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы төтенше оқиғаларға ден қоюға арналған мамандандырылған кеме сатып алынды.

Қазақстанның өртке қарсы қорғанысын 457 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. "Ауыл құтқарушылары" ведомстволық бағдарламасы аясында 292 өрт сөндіру бекеті салынды.

Құтқарушыларға қандай жағдай жасалған?

2025 жылғы маусымнан бастап азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне бірқатар әлеуметтік қолдау шарасы енгізілді. Олардың қатарында:

  • 01тұрғын үй төлемдері;
  • 02қызмет бабымен басқа жерге ауысқан кезде берілетін көтерме жәрдемақылар;
  • 03жол жүру және мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу бар.

Сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған аумақта қызметтік міндеттерін орындаған қызметкерлерге ақшалай ынталандыру шаралары қарастырылған. Қазақстанның өртке қарсы және құтқару қызметтерінің тарихында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 77 қызметкер қаза тапты.

Тоғыз айда атқарылған жұмыс

2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлар қызметтері шамамен 82 мың рет шақыртуға шыққан. Осы кезеңде:

  • 018,8 мыңнан астам адам құтқарылды;
  • 0210,3 мыңнан астам азамат эвакуацияланды;
  • 033,2 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді.

Бұдан бөлек, осы уақыт аралығында "112" қызметінің пультіне 4,2 миллионнан астам қоңырау түскен.

Қазанда қандай кәсіби мерекелер бар?

Қазан айында бірнеше кәсіби мереке аталып өтеді. Олар:

  • 011 қазан – Радио күні;
  • 025 қазан – Мұғалімдер күні;
  • 036 қазан – Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні;
  • 0410 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні;
  • 0519 қазан – Құтқарушы күні;
  • 06қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкері күні;
  • 0724 қазан – Кітапханашы күні;
  • 08қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні;
  • 0929 қазан – Күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні.

Республика күніне орай қанша күн демалыс беріледі?

Қазан айында Қазақстанда мемлекеттік мереке – Республика күні де аталып өтеді. Биыл 25 қазан жексенбіге сәйкес келеді. Осыған байланысты 26 қазан, дүйсенбі күні қосымша демалыс беріледі. Осылайша, бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар қатарынан үш күн – 24, 25 және 26 қазанда демалады.