Құрылтайдың жұмыс регламентімен парламенттік оппозицияның кепілдіктері бекітілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат Снежана Имашеваның айтуынша, парламенттік оппозицияның кепілдіктері — жаңа регламенттің маңызды бөліктерінің бірі.
Осы құжатта Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі белгіленеді. Депутаттық мандаттың ең көп санына ие болған саяси партия көпшілік деп танылады.
Ал Құрылтайда өкілдік ететін және көпшілік құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады.
«Регламент бұл мәртебені декларативті түрде бекітумен ғана шектелмейді, нақты рәсімдік кепілдіктерді де көздейді. Оппозиция сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы. Сонымен қатар сессия барысында кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы», — деді Имашева Құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Оппозиция өкілдері тұрақты комитеттерді де басқара алады.
Айта кетері, бүгін Құрылтай депутаттары жұмыс регламентін бекітті. Заңдар үш оқылымда қабылданады.
