Құрылтайда клининг саласында жұмыс істейтін адамдардың мәселесі көтерілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат Нұрайнаш Қамалованың айтуынша, бүгінде осы салада шамамен 1,5 миллион адам жұмыс істейді.
«Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағаланып, президентіміз айтқан нағыз еңбек адамын қоғам алдында төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер ететіні анық», — деді Қамалова Құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Тағы бір маңызды мәселе – сала қызметкерлері алатын ресми табыстың төмен болуы. Бұдан бөлек, осы салада бейресми жұмысмен қамту кеңінен тараған. Соның салдарынан әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктері, еңбек құқықтары және өзге де әлеуметтік қорғау тетіктері сақталмай жатады.
Депутаттар үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Олар:
- 01клининг саласындағы жұмыспен қамтуға кешенді талдау жасап, қызметкерлердің нақты саны туралы ресми статистикалық деректерді қалыптастыру;
- 02клининг саласында кәсіби біліктіліктерді енгізу;
- 03техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тиісті мамандарды кәсіби оқыту және даярлау мүмкіндігін қарастыру;
- 04осы саладағы бейресми жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеу;
- 05жұмысшының кәсіби мәртебесін арттырып, ресми табысының өсуіне жағдай жасау;
- 06клининг саласындағы мамандықтарды тиісті біліктілік талаптары мен кәсіптік оқыту мүмкіндіктері бар толыққанды жұмысшы мамандықтар ретінде тану;
- 07сала қызметкерлерін қаржылық сауаттылық және әлеуметтік қолдаумен қамту.
Депутаттық сауалға Жалпы социал-демократиялық партияның фракция өкілдері де қосылды.
Сонымен қатар депутат Нұрбақыт Теңізбаев екі облысты газдандыру бойынша үкіметке сауал жолдады.
