Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүкілхалықтық дауыс беру 2026 жылдың 15 наурызына белгіленді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Бұл конституциялық реформаға Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру және саяси жүйені жаңғырту туралы бастамасы негіз болды. Ата заңның жаңа жобасын дайындауға 130 адамнан құралған Конституциялық комиссия мен арнайы жұмыс тобы атсалысты. Жобаны талқылау кезінде eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтардан 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Жаңа Конституция жобасындағы ең басты өзгерістің бірі — екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын, өкілеттігі кеңейтілген бір палаталы Құрылтай құру. Сонымен қатар, вице-президент лауазымы және ұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстан Халық Кеңесі сияқты жаңа институттар енгізіледі.
Ата заңда адам құқығы мен бостандығына басты басымдық берілген. Құжатта алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау және адвокатура институты туралы нормалар көрініс тапты. Бұдан бөлек, неке тек ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы ретінде бекітіліп, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты айқындалды.
Конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты бекітіліп, биліктің бірден-бір бастауы халық екені нақтыланды. Жобаны дайындау барысында ашықтық принципі қатаң сақталды: комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, қоғамның белсенді қатысуына толық жағдай жасалды.
Фото: Әлеуметтік желіден
