Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай бюро отырысын өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Отырыста президент тапсырмаларын орындау және Құрылтай регламентін дайындау мәселелері талқыланды. Ресми хабарламада айтылғандай, қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Бұл жұмыс президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басымдықтармен, сондай-ақ өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелермен бірге бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізіледі.

Депутаттар жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы дамыту, сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу және басқа да мәселелер бойынша жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке басымдық беріледі. Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және "Е-Parliament" жүйесін жедел енгізу қажеттігін айтты.

Айта кетері, Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттардың алдында тұрған маңызды міндеттерді атаған болатын.