Алдағы тамыз айында Қазақстанда құрылатын бір палаталы парламент – Құрылтайға сайлау өтеді. Оған кіретін депутаттар тек партиялық тізіммен сайланады. Орталық сайлау комиссиясы жеті партияға өз тізімдерін ұсынуға рұқсат беріп отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ақ жолдың» жолы

Партияның тарихы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» бірлестігінен бастау алады. 2001 жылы құрылған ұйымға біраз шенеуніктер кірген. Бірақ екі айдан кейін саяси кеңес мүшелерінің бір тобы бөлініп, «Ақ Жол» демократиялық партиясын құрған болатын.

2004 жылғы мәжіліс сайлауында бұл партия 12,4 процент дауыс жинап, партиялық тізіммен бір ғана мандат алған. Бірақ ұйымның тең төрағасы Әлихан Бәйменов сайлау нәтижесімен келіспей, депутаттық мандатынан бас тартты. Ал жарты жылдан кейін «Ақ Жол»-дың өз ішінен ши шықты, партияның тең төрағалары өзара келіспей қалады. Содан «Ақ Жол» шұғыл съезд өткізіп, тең төрағалар институтын қысқартып тастайды. Бәйменов партияның жалғыз төрағасы болып сайланады. Бұрынғы тең төрағалар болса, «Нағыз Ақ Жол» атты жаңа партияны құрып алады.

Бәйменов бір жылдан кейін бойкотын доғарып, мәжіліске депутат болып барды. 2011 жылы партия съезінде төраға қызметіне сол кездегі «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының басшысы Азат Перуашев сайланды. Содан бері 15 жыл да өтіп кетті. Биыл «штрафстан» сөзімен танымал болып кеткен Перуашев төрағалықтан бас тартуға шешім қабылдады. Соңғы парламент сайлауында партия 6 мандат алған. Сол кезде партияға дауыстың 10,95 процентін жинап, 12 депутаттық мандатқа ие болған. Партияның қазіргі төрағасы Дания Еспаева және бұрынғы басшысы Әлихан Бәйменов президенттік сайлауға да қатысқан.

«Ауылдың» басшысы да ауысты

Бұл партияға биыл 26 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде саяси ұйым өз құрамына патриоттар партиясын қосып алған. Бірақ 2023 жылға дейін бірде-бір рет қажетті дауыс санын жинай алмады. Ол үшін ешкімді сынаған жоқ, бойкот та жарияламады. Соңғы парламент сайлауында «Ауыл» партиясы 10,9 процент дауыспен бірден екінші орынға шыққан. Осылайша, мәжіліске 8 бірдей депутаттық мандатпен кірген.

Партия екі рет президенттік сайлауда өз үміткерлерін де ұсынған. Олар – Төлеутай Рақымбеков (2019 ж) пен Жигули Дайрабаев (2022 ж). Биыл осы партияның төрағасы да ауысты. Ал бұрынғы басшы Серік Егізбаев оның бірінші орынбасары болып қалды.

Бұрынғы «Әділет» емес

Алдағы Құрылтай сайлауына ӘDILET партиясы да қатысады. Оның құрылғанына бір ай ғана болса да, өз құрамына AMANAT партиясын қосып алды. Саяси ұйымды президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай басқарады. Ал негізгі командаға жаңа Конституцияны әзірлеген азаматтар еніп отыр. Бір қызығы, Қазақстанда бұрын да «Әділет» партиясы болған. Заңгер Мақсұт Нәрікбаев төрағалық еткен демократиялық партия 2004 жылы сайлауға қатысқан.