Орталық сайлау комиссиясы тағы бір партия ұсынған кандидаттардың тізімін тіркеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін комиссия мүшелері Respublica-ның партиялық тізімдерін тіркеуге алған болатын. Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кандидаттары да тіркелді. Барлық 33 адамға тиісті куәліктер таратылды.
Комиссия мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, партиялық тізімде 14 кандидат әйел, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады, бұл жалпы жиынтық бойынша 30 пайыздан асады. Заңда белгіленген квота талаптары сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттарға қатысты тиісті тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат Қазақстан Конституциясының және "ҚР сайлау туралы Конституциялық заңының" талаптарына сәйкес келеді деп танылған.
Айта кетері, 2023 жылғы сайлауда ЖСДП 5 проценттік межеден асып, мәжіліске төрт депутатпен кірген болатын. Осыған байланысты Құрылтай сайлауында жарна төлеуден босатылып отыр. Сайлау жарнасын екі партия ғана төлейді.
