Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына кандидаттардың партиялық тізімін қарауға кірісті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылтайды өткізу жоспарына сәйкес, 13 шілдеде партиялық тізімдерді ұсыну аяқталды. Жеті партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылып отыр. Олардың ішінде: Ақжол – 63 кандидат; Ауыл партиясы – 69 кандидат; ӘDILET партиясы – 186 кандидат; Байтақ партиясы – 47 кандидат; Қазақстан Халық партиясы – 72 кандидат; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 33 кандидат; Respublica партиясы – 76 кандидат.
Заң бойынша сайлауға қатысатын партиялар әрбір кандидат үшін сайлау жарнасын төлейді. 2026 жылы жарна мөлшері – 1 275 000 теңге. Алайда Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтың айтуынша, парламент мәжілісінің VIII шақырылымында қызмет атқарған саяси партиялар жарнадан босатылады.
«Осылайша, Құрылтай депутаттығына ұсынған жеті партияның тек екеуі (ӘDILET пен Байтақ) ғана сайлау жарнасын төлейді», – деді Өтемісов комиссияның бүгінгі отырысында.
Кандидаттардың біреуі сайлауға қатысудан бас тартуға шешім қабылдаса, комиссияға өтініш жазуы керек. Бірақ сайлауға екі күн қалғанда өтініш қабылданбайды. Кандидат партиялық тізімде қала береді.
Құрылтайға 145 депутаттық мандат болады. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Комиссия әрбір тізімді жеке-жеке қарап, тіркейтін болады.
