Бас прокуратура алдағы Құрылтай сайлауына байланысты халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі кезде партиялар өз кандидаттарын ұсынып жатыр. Олардың тізімдерін тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады. Сол күні сағат 18:01-ден бастап қана сайлауалды үгіт басталады. «Осыған байланысты, партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгіт жүргізуге жол берілмейді. Бұл талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады», - дейді прокурорлар. Айыппұлдың көлемі 20 АЕК – 50 АЕК-ті (86 500 – 216 250 теңгені) құрайды.

Заң бойынша сайлау алдындағы жөнсіз үгітті жүргізуге тыйым салынады. «Мұндай үгітке сайлаушыларға тегін немесе жеңілдік шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады», - делінген ресми хабарламада. Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін 20 АЕК-30 АЕК (86 500 – 129 750 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда қылмыстық іс қозғалады.

Сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады. «Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады», - дейді прокуратура мамандары. Ал кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялағаны үшін қылмыстық жаза қолданылады.

Прокурорлар қоғамдық пікірге сауал салу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назар аударуға кеңес беріп отыр. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері жариялағанда нақты ақпарат көрсетілуі шарт: сауал жүргізген заңды тұлға; сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғалар; сауал жүргізілген уақыт; ақпарат жинау әдісі; сұрақтың нақты тұжырымы; сауал салынғандардың саны; сауал салу нәтижелерінің қателік коэффициенті. «Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы», - делінген бас прокуратураның үндеуінде.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері мен кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру болжамдарын дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні БАҚ-та, онлайн-платформаларда жариялауға болмайды. Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге тыйым салынған. Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді. Осы талаптарды бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған.