Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттардың жалақысын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Құрылтайдың алғашқы пленарлық отырысы өтті. Одан кейін журналистердің алдында бірнеше депутат шықты. Сол кезде тілшілер депутаттық корпустың жалақысын сұрады.

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, жалақының көлемі әрбір депутаттың еңбек өтіліне қарай төленеді.

«Қазір депутаттардың жалақысы 600 мың мен 1 миллион теңгенің айналасында. Депутаттың еңбек өтілі көп болса, жалақысы 1 миллионға дейін барады», — деді Еспаева.

Айта кетері, 2022 жылы Тоқаев үкімет мүшелері, өңір әкімдері мен депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялаған болатын. Сол кезде депутаттар 630–650 мың теңге қолға алатынын айтқан. Ал сенат спикеріне үш жыл бұрын 1 млн теңгеден артық жалақы төленген.

Сонымен қатар депутаттарға мінберден туыстарын құттықтауға тыйым салынды. Бұл шектеу жалақыдан айырылуға әкеп соғуы мүмкін.