«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев барлық жолаушылар пойызына интернет қосылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отыншиев бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында айтты. Оның сөзінше, бүгінде 1 500-ден астам вагон интернетпен жабдықталған.
Starlink спутниктік байланысы 108 пойыз құрамында, 51 бағыт бойынша іске қосылды.
«Осылайша, қазіргі қозғалыс кестесіне сәйкес, Қазақстан аумағында қатынайтын барлық жолаушылар пойызы интернетке қосылды. Жыл сайын бұл қызметті 11 млн-нан астам жолаушы пайдалана алады», — деді Отыншиев.
Starlink терминалдарын орнатуға «Транстелеком» АҚ жауапты. Компания интернет қызметін ұсыну шарттарын бекітеді.
«Aitu, WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабарламалар алмасу, сондай-ақ жолаушыларға арналған сервистік ақпарат тегін ұсынылады», — деп атап өтті ҚТЖ басшысы.
