Қазақстан Қылмыстық кодексінің ағылшын тіліндегі нұсқасында қорлау үшін 120 жылға дейін қоғамдық жұмыс жазасы көрсетілген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Әділет» құқықтық жүйесінде жарияланған мәтіндегі қателікті HALYQSTAN Telegram-арнасы байқаған. Кодекстің қазақ және орыс нұсқаларында 120 сағат туралы айтылады.

Арнаның жазуынша, ағылшын тіліндегі аудармада ар-намыс пен қадір-қасиетті әдепсіз қорлау туралы бапта 120 АЕК-ке дейін айыппұл не 120 жылға дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс қарастырылған. Бұл алшақтық шетелдік азаматтың адвокат Абай Урузбаевқа жүгінуінен кейін анықталған.

Адвокаттың айтуынша, оның клиенті — АҚШ азаматы және ірі компанияның инвесторы — басқа адаммен жанжалдасып, оны қорлаған. Ер адам қазақ және орыс тілдерін білмейді, сондықтан ресми сайттағы кодекстің ағылшын нұсқасын ашқан. Онда көрсетілген мерзімді көріп, ол заңгерлік көмекке жүгінген.

«Мен оған адамдар сонша жыл өмір сүрмейтінін және ондай үлкен мерзімнен қорқудың қажеті жоқ екенін ұзақ уақыт түсіндіруге тура келді», — деді Урузбаев.

Адвокат ресми құқықтық ресурстағы қателік жай ғана қызық оқиға емес деп есептейді. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер өз қызметінің құқықтық шарттарын бағалау үшін заңдардың ағылшын нұсқасын пайдалануы мүмкін.

«Инвесторлар — ақылды адамдар, олар мемлекетті тек әдемі презентациялар бойынша бағаламайды. Олар заңдарды мұқият оқиды. Егер ресми құқықтық ресурс оған Қылмыстық кодекстің ағылшын мәтінін ұсынса, онда ол да Қазақстанның халықаралық имиджінің бір бөлігіне айналады», — деп атап өтті адвокат.

HALYQSTAN басқа да құқықтық актілердің ағылшын аудармаларында осындай дәлсіздіктер қалуы мүмкін бе деген сұрақ қояды.

Бұған дейін «Курсив» Семей тұрғыны TikTok-та тікелей эфир кезінде былапыт сөйлегені үшін бес тәулікке қамалғанын жазған. Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасады деп кінәлі деп таныған.