Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша түсімдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе өсті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірісі шамамен 16%-ға өскен. Ол әсіресе қосылған құн салығы бойынша түсімдердің динамикасына ерекше назар аударды.
«Қосылған құн салығы бойынша кірістер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе өсті», – деді Жұманғарин.
Сондай-ақ министр кәсіпкерлік субъектілерінің саны туралы деректерді келтірді. Бүгінде кәсіпкерлердің жалпы саны 2 млн 939 мыңды құрап отыр. Бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 499 мың субъектіге немесе 20,4%-ға артық.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың саны 688 597-ге дейін жетті. Ал қосылған құн салығын төлеушілер саны 135 845-тен 158 194-ке дейін өсті.
«Жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысуына қарамастан экономикадағы бір жұмысшыға шаққандағы жалпы қосылған құнның оң өсуі сақталуда», – деп толықтырды ұлттық экономика министрі.
Қазақстанда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 60 проценттен астамы сауда, ауыл шаруашылығы және өзге де қызметтер көрсету салаларында жұмыс істейді.
