Қостанайда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенов 101 жасқа толды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Майдангерге қорғаныс министрінің құттықтау хаты табысталды. Ал облыстық қорғаныс істері департаментінің басшылығы оған арнайы кіріп шықты.
Құттықтау сөздері
Департамент бастығының бірінші орынбасары Тимур Сәтбаев ардагерге жылы лебізін білдірді.
"Сіз соғыстың ауыр сынақтарынан өтіп, ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеттіңіз. Сіздің өмір жолыңыз – табандылықтың, батылдықтың және Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жан тыныштығын, амандық-саулық, туған-туыстарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілейміз", – деді Тимур Сәтбаев.
Өз кезегінде ардагер әскери қызметшілерге көңіл бөліп, жылы лебіздерін білдіргендері үшін алғысын айтты. Соғыс жылдарындағы естеліктерімен де бөлісті.
Өмірбаяны
Қасымхан Алдабергенов 1925 жылдың 11 қыркүйегінде Қостанай облысы Қамысты ауданының Талдысай ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Жітіқара аудандық әскери комиссариаты арқылы қызыл әскер қатарына шақырылған.
Ал бір жылдан кейін Златоустовский пулеметшілер училищесін тәмамдап, майданға аттанған. Алдабергенов Венгрия, Австрия және Чехословакияны азат етті.
Сол кезде ерлігі мен қайсарлығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған болатын.
1950 жылы соғыстан елге оралып, мектепте мұғалім болып еңбек етті. Ал 1971 жылдан бастап облыстық "Қостанай таңы" газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған.
