Қостанайда ерініне пластикалық ота жасатқан әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта анықталғандай, 2024 жылдың қазанында жауапкер талапкерге хейлопластика (ерін пластикасы) операциясын жасап, ол үшін 120 мың теңге алған. Кейін алғашқы операцияның нәтижесі талапкерді қанағаттандырмағандықтан, 2025 жылдың сәуірінде 90 мың теңгеге қайта операция жасалған.

Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында жауапкердің «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша маман сертификатының және медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясының болмағаны анықталған. «Кешенді сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, операциялар барысында тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация қалыптасқан. Жүргізілген хирургиялық араласулар мен туындаған зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған. Талапкердің денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған», - деп жазылған облыстық сот хабарламасында.

Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін, сондай-ақ медициналық құжаттаманы рәсімдемегенін, соның салдарынан талапкердің денсаулығына зиян келтірілгенін анықтады. Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 210 мың теңге – операциялар үшін төленген қаражат, 700 мың теңге – моральдық зиянның өтемақысы және 457 мың теңге – сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығын өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.