Қостанайда медицина қызметкерін балағаттап, оған күш қолданамын деп қорқытқан зейнеткерге айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық соттың мәліметінше, зейнеткерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Оқиға биыл 16 шілдеде «Биос» мекемесінің ғимаратында болған.

«Медицина қызметкеріне қасақана құрметсіздік көрсетіп, оны балағаттаған және дене күшін қолданамын деп қорқытқан», – деп мәлімдеді сот.

Сот мәліметінше, айыпталушының жасы 70-тен асқан. Ол бұрын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Осы мән-жайлар ескеріліп, сот оған 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындады.

Заң талаптарына сәйкес айыппұл сомасы 30%-ға қысқартылып, 90 825 теңге көлемінде өндірілетін болды.