Қостанайда бұрынғы әйелін аңшылық қарумен қасақана атып өлтірген ер адамға сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Соттың анықтауынша, ауыр қылмыс 2026 жылдың наурыз айында болған. Ер адам бұрынғы жұбайын қызғанып, қарым-қатынасты анықтау кезінде оны өлтіру мақсатында аңшылық карабиннен экс-жұбайының басы мен кеуде тұсына көздеп екі рет оқ атқан.
Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған. Одан кейін сотталушы оқиға орнынан кетіп қалып, өз еркімен полиция органдарына барып, кінәсін мойындап келгені туралы арыз жазған.
Жәбірленуші тарап соттан ең жоғары жаза тағайындауды сұрады. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындады.
Жасалған қылмыстық құқық бұзушылық аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
«Сот талқылауының қорытындысы бойынша сотталушыны кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтей отырып, 12 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарлады сотта.
Сот азаматтық талапты ішінара қанағаттандырды, жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиянды өтеу өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
