Қостанай облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алды. Тобыл қаласының 46 жастағы тұрғынына өзін пошта қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, сәлемдемені алу үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған. Біраз уақыттан кейін оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар қайта қоңырау шалып, жеке деректері қылмыскерлердің қолына түскенін айтқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар ер адамға қылмыскерлерді ұстауға бағытталған "арнайы операцияға" қатысуды ұсынған. Алаяқтардың нұсқауы бойынша азамат 3 миллион теңге көлемінде кредит рәсімдеуі керек болған. Олар бұл әрекет банк қызметкерлерінің жұмысын тексеру және қылмыскерлерді анықтау үшін қажет деп сендірген. Олардың сөзіне сенген ер адам тіпті жұмыстан сұранып, Қостанай қаласына барған.

Алайда қылмыстың алдын алуға оның жұбайының қырағылығы көмектесті. Күдіктенген әйел бірден учаскелік полиция инспекторына хабарлаған. Ақпарат Қостанай полициясының қызметкерлеріне жедел жеткізіліп, олар ер адамды банкке кірмек болған сәтте тоқтатқан. Нәтижесінде азамат бірнеше миллион теңге шығыннан аман қалды.