Қостанайда 17 жастағы жергілікті тұрғын 86 жастағы ер адамды өлтірді деген күдікпен ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Қостанай облысының полиция департаменті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зейнеткердің денесі зорлық-зомбылық белгілерімен Кубеев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қарт адам орындықта отырған кезде оған пышақпен шабуыл жасалған.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде басқа да құрбандар туралы және қалада маньяк пайда болуы мүмкін деген қауесет тарады. Полиция екінші зардап шеккен адам туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталып, ұсталды.

«Ол кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады полицияда.

Өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда, полиция болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Болжамды қылмыстың себептері туралы әзірге хабарланған жоқ.