Қостанай облысында сот балалар лагерін ұйымдастырған кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеуге балалардың ата-аналары мен тапсырыс берушінің шағымдары себеп болды. Олар балалар демалысын ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын хабарлады. Осыдан кейін жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

19 маусымда Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді. Алайда 2 шілдедегі қайта тексеру көптеген ескертулердің белгіленген мерзімде жойылмағанын көрсетті.

Сотта кәсіпкер кінәсін мойындады. Ол барлық талаптарды субъективті себептермен орындай алмағанын түсіндірді. Алайда сот мұндай дәлелдерді жеңілдететін мән-жай ретінде қарастыра алмайды, өйткені бұл балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты деп есептеді.

«Сот шешімі бойынша кәсіпкер мемлекеттік бақылау органдарының заңды нұсқамасын орындамағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 432,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, лагерь қызметі үш айға тоқтатылды», – деп хабарлады Қостанай ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін «Курсив» Ақмола облысындағы лагерьде алты бала тамақтан уланғаны туралы жазған болатын.

Сонымен қатар, биыл Қазақстандағы балалар лагерлерінде тәрбиешілердің соттылығын міндетті түрде тексеру енгізілді.