Қостанай облысы Рудный қаласындағы зауытта жұмысшы қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдай 19 маусым күні «ERG Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған. Зауыт басшылығының хабарлауынша, «Жөндеу-механикалық металл илемдеу зауытының электрлі болат құю цехында жазатайым оқиға болды. Болат балқыту пешінде жұмыстарды орындау кезінде маман көз жұмды».

Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланып, тергеу басталған. «ERG Service» ұжымы мен басшылығы марқұмның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Компания марқұмның отбасына көмек көрсетеді.

Айта кетейік, Рудный қаласындағы «ERG Service» кәсіпорны жабдықтарды жөндеумен, машина жасау бұйымдарын өндірумен айналысады. Сондай-ақ тау-кен металлургия және энергетика кәсіпорындарына қажетті заттар өндіреді.