Қостанай облысында санитариялық нормаларды өрескел бұзған «Светофор» балалар сауықтыру орталығының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жүргізілген тексеру барысында мамандар тамақтандыруды ұйымдастыру, сумен қамтамасыз ету, аумақ пен үй-жайлардың санитариялық жай-күйі, сондай-ақ персоналдың міндетті медициналық тексерулерден өту талаптарының бұзылғанын анықтаған.
Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған дейін берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды.
Сонымен қатар министрлік санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, сауықтыру лагерінің жаға ұстатарлық жағдайы туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тараған болатын. Онда балалардың жатын орны мен әжетхана түсірілген.
