Қостанай облысының Меңдіқара ауданында ер адам көршісін өлтіргені және ұрлық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Сотталушыға тұрғын үйге заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру және адам өлтіру айыптары тағылған. Оның өтініші бойынша іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Сот мәліметінше, өткен жылдың 5 сәуірінде сотталушы мас күйінде жәбірленушінің үйіне заңсыз кіріп, темекі блогы мен қол сағатын ұрлаған. Ал 10 сәуірден 11 сәуірге қараған түні Қызыл Пресня ауылында спирттік ішімдік ішіп отырған кезде ол ауылдасымен жанжалдасып қалған. Жанжал барысында сотталушы асүй пышағымен жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасаған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындағанымен, адам өлтіргенін жоққа шығарған. Алайда сот оның кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті. Алқабилердің шешімі негізінде сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.