Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Құсмұрын кентінде 5 жастағы бала кісі қолынан өлім құшты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне ауыл тұрғындары айтты. Жаға ұстатарлық жағдай 26 қазанда болған.

«Ер адамның бір баласы, ал әйелдің екі баласы болған. Екеуінен ортақ тағы бір бала болған, ол 7 айлығында шетінеді. Ал жаңағы өлген бала ер адамның бірінші әйелінен туған. Туған анасы өз бетімен қаңғып кеткен», — дейді ауыл тұрғындары.

Туған әке мен өгей шеше ешбір арнайы орындарда тіркеуде тұрмайды, қарапайым тіршілік еткен. «Ер адам теміржолшы, ал өгей анасы тырнақ сәндеумен айналысады. Баланы әкесі осы отбасыға таяуда алып келген. Оның психикалық даму қабілетінде ақауы болған», — дейді құсмұрындықтар.

Баланы ұрып-соққан, денесінде көптеген жарақат болған. «Басы мен денесіндегі көптеген жарақаттың салдарынан көз жұмған. Сол күні күдікті ұсталып, оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі „кәмелетке толмаған адамды өлтіру“ бойынша сараланды», — дейді Қостанай облыстық прокуратурасы.

Ер адам қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.