Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға құттықтау жолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент құттықтауында Қостанай өңірін «ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке» деп сипаттап, осы уақыт аралығында аймақтың өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қостанайды береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл топырақтан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин және басқа да тұғырлы тұлғалар шыққанын еске салып, олардың халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқанын айтты.
Сонымен қатар, Президент қазіргі таңда аймақ экономикасы қарқынды дамып жатқанын атап өтіп, облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.
