«Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Әділет» партиясымен бірігу себебін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін «Аманат» съезінде жаңа «Әділет» партиясымен бірігуге шешім қабылданды. Осы жиыннан кейін журналистер Қошановқа «Бұл Аманатқа жасалған қиянат емес пе?» деген сұрақ қойды.

Партия төрағасының айтуынша, президентті қолдайтын күштердің бір жұдырық болып жұмылғаны дұрыс. «Бұл аманаттықтарға жасалған қиянат емес. Себебі қиянат деген ол тұрақсыздық, өзіңнің идеяларың мен ұстанымдарыңнан ауытқу болса, ол, әрине, қиянат болады. Біз болсақ, біріккен партияға ауыссақ та, өз идеямызда, өзіміздің саяси платформамызда қаламыз. Біз жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз», - деді Қошанов.

Осы орайда ол екі партияның идеологиясы да, ұстанымдары да бір екенін ерекше атап өтті. «Тіпті, біздің саяси платформамыз да бір. Бізге дауыс беретін электоратымыз да бір. Сондықтан біз бір-бірімізбен иық тірестіріп жұмыс істейік деген шешімге келдік», - деп атап өтті Қошанов.

Айта кетері, жаңадан құрылған «Әділет» партиясы да алдағы жексенбі күні съезд өткізеді. Біріккен партияның атауы «Әділеттің» съезінен кейін белгілі болады.