«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында елде 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгудің алдын алуға, сондай-ақ сұйық қалдықтарды арнайы полигондардан тыс жерлерге ағызу фактілерінің жолын кесуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Биыл бес айда 248 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді (қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу)», - деп жазылған хабарламада.
Тиісті шаралар қабылдау үшін экология департаменттері, жергілікті атқарушы және басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға 58 материал жолданды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 172 ұсыным енгізілді. Оларды қарау нәтижесінде 153 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды экологиялық заңнама талаптарын сақтауға, елдімекендердің тазалығын қолдауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.
