Маңғыстау облысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына барды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министр қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын ешбір сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.
Министрдің кешірім сұрауы
Кездесу барысында Қорғаныс министрі бүкіл Қарулы күштердің атынан кешірім сұрады.
«Кешірім сұраймын. Бүкіл қарулы күштердің атынан кешірім сұраймын... Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде бірге боламыз», – деді қорғаныс министрі.
Қаза болған әскери қызметшілер
Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған болатын. Қызмет өткеру барысында олар өздерін жауапты әрі тәртіпті әскери қызметшілер ретінде танытып, әскери борыштарын адал атқарды.
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде әскери қызметшілердің қаза болғанын хабарлаған болатын.
