Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министр тапсырған жаңа міндеттер
Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айтылды:
- 01әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыру,
- 02басқару жүйесін жетілдіру,
- 03жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеру,
- 04қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту,
- 05әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту.
Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді.
Әскери қызметтің қауіпсіздігі
Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылады, дейді министрлік.
Жаңа министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарауды қолға алмақ.
«Оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкес келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет», — дейді қорғаныс министрлігі.
Командирге жүктелетін міндет
Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс.
Сарбаз өзін қауіпсіз сезіну керек
Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп атап өтті қорғаныс министрі.
