Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан және қоқиқаздар мен басқа да құстардың мекен ету ортасы болып табылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Қазақстанның барлық аумағында табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жүргізеді.

Су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін миллиардтаған текше метр су бағытталады. Министрліктің мәліметінше, су жіберу жұмыстары кезінде «Қазсушар» РМК мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады, судың өтуіне тұрақты мониторинг жүргізіп, бақылауды қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, су нысандарының сарқылуының алдын алу мақсатында былтыр қабылданған Су кодексіне алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажет судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі.

Құжатта шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар да кеңейтілді. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі көзделген.