Жамбыл облысында қоқыс жәшігінен табылған жаңа туған нәрестенің жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Нәресте – қыз бала. 2 қыркүйек күні сағат 10:00-де Қордай аудандық орталық ауруханасының босандыру бөліміне жеткізілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, нәрестенің жағдайы орташа ауыр. Болжамды гестациялық жасы – 36 апта, салмағы – 1778 грамм. Өзі тыныс алып жатыр, гемодинамикасы тұрақты.

Қазіргі уақытта нәрестеге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тиісті медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бүгін Қордай ауданындағы Гвардейск әскери қалашығында қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылған болатын. Полиция баланың анасын іздестіріп жатыр.